Қаратал мекенінде ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Байкелді, Қаракөл,Сидақ мекендерінде мұсылманша сауат ашып оқытқан мешіт пен мектептер болған. Кеңес үкіметі кезінде Қаңбақтысай жерінде Жаңатуған деген атпен мектеп ашылған. Осы мектептен медицина ғылымының докторы, профессор И.Қарағұлов, оқу ағарту ісіні озаты К.Оспанов тәлім алған.
Ұлы Отан соғысына дейін ауданда сегіз бастауыш мектеп болды. Солардың бірі Құрманов бастауыш мектебі. Соғыстан кейін мектеп Құмсайға көшіріліп, 1953 жылдан 1961 жылға дейін Құмсай 8 жылдық мектебі деп аталды. Осы мектептің директоры болып Орынбасарова Құрманша жасады. Сонымен қатар осы мектепте ұстаздар Д.Ермаханов, ағайынды Қайырша, Үсенғали, Үсенғали Жаңбыровтар, М.Амирова. Қазақстанның аға мұғалімдері Қ.Шегетаев, Қ.Қазыбаев, Қаз КСР Халық ағарту ісінің үздіктері Б.Жабасов, Т.Тәжіғалиев ұстаздық қызмет атқарған.
1963 жылы кеңшар құрылғанда Қаратал ауылында алғаш төрт жылдық мектеп ашылды. Ол мектеп үйі қазір бар. Онда қазір Қ.Жабасовтар отбасы тұрып жатыр. Осы мектептің алғаш меңгерушісі болып Ержанғалиев Тайжан жасады. Сонымен бірге мұғалімдер Ерденова Рая-бастауыш, Мүбаракова Хамза - қазақ тілі, Мұқашева Жамал - бастауыш қызмет атқарды. Ш.Берсиев кеңшары құрылғанда оның алғашқы директоры болып Жарықов Қияқбай сайланды. Ол 1963-1966 жылдары осы кеңшарды басқарды. Қ.Жарықов бұрын әскери қызметте болған екен. Сондықтан өте қатал, тәртіпке, жұмысқа көп мән берген. Қараталдың осы жерге орналасуына осы адам ұсынысымен жасалған.
1966 жылы Берсиев кеңшарына директор болып Бақаев Өтесин келді. Ол 05.03.1927 жылы Ойыл ауданында туған 1972 жылы Алматы мал дәрігерлік институтын бітіреді. Еңбек жолын Ойыл ауданының бөлімшесінде зоотехник болып бастады. 1966-1976 жылдары Берсиев кеңшарында директор болып жасады. 1965-1976 жылдары аралығында мектеп Ш.Берсиев атындағы 8 жылдық мектебі болып аталды. Ол қазіргі мектеп интернатының үйінде орналасты. Мектептің интернаты, асханасы жұмыс жасады. Осы мектептің директоры болып Абдрахманова Мүгілсін ( 1965-1969 ) жылдары жасады.